Әлеумет

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жалғасуда

Ақтөбеде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асырудың сегізінші кезеңі басталды. 20 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында топ мүшелері Ақтөбе қаласында жұмыс жасап, түрлі кездесулер өткізеді.

Жалпы жоба аясында 20 000-нан астам адамды қамтитын 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 209 азаматқа түрлі бағытта көмек көрсетілу жоспарлануда.

1-бағыттың 1-жұмыс тобымен мешіт жамағаттары арасында 30-ға жуық шара өткізу көзделсе, 1-бағыттың 2-жұмыс тобының негізгімақсаты кәсіпкерлік ортаға тарту бойынша жүйелі проблемаларды анықтауға, ауыл кәсіпкерлеріне нақты көмек көрсетуге бағытталған.  Бұл бағыт бойынша жоспарға сәйкес 67 іс-шараөткізіліп, нәтижесінде 800-ден астам адамды қамту жоспарланып отыр.  Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп шағын және орта бизнес өкілдеріне салық заңнамасы түсіндірілетін болады. Ал 1-бағыттың 3-жұмыс тобының негізгі мақсаты— тұрғындармен кездесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік қажеттілігін анықтау және шешу. Бұл ретте барлығы 150-ге тарта іс-шаралар ұйымдастырылып 8 мыңға жуық адам қамтылады.1-бағыттың 4-жұмыс тобы қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша және Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры мәселелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жоба аясында 46 іс-шара өткізіліп 4000-ға жуық адам қамтылады.

Өткен сейсенбі күні жобаның 1-бағытының 4-жұмыс тобы бойынша құрылған ақпараттық жұмыс тобы Ақжар ауылындағы №70 мектепте болып, тұрғындармен кездесті.

Құрамында, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы Салтанат Оңғар, мәдениет қайраткері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Еркін Құрманбеков«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры»  акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының  өкілдері мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары бар жұмыс тобы ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.

Мектеп мұғалімдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесу барысында сөз алған Еркін Құрманбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұғалім мәртебесін көтеру туралы айтқан ұсынысы кездейсоқ емес екендігін алға тартып, адал адам тәрбиелеп өсіру тұрғысында әңгіме өрбітті. Ол мұғалімнің үлкен жауапкершілік иесі екендігін айта келе, педадогтарға қандай құрмет көрсетсе де еш артық болмайтындығын жеткізді.

Жиын барысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» арнайы келген өкіл «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы мәлімет беріп, оның басты талаптарын айтты.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» — көпбалалы, толық емес, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға арналған бағдарлама. Бұл бағдарламаның басты талаптары – несие алушы кем дегенде соңғы 6 ай уақыт жұмыс істеуі тиіс, үй құнының алғашқы он пайызын жинауы керек, сол кезде 2 пайызбен 19 жылға несие беріледі.

Ал денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге тоқталған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы Салтанат Оңғар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында толық мәлімет берді.

— 2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні баршамызға аян. Аталған жүйе бойынша медицина қызметінің пакеті енді екіге бөлінетін болады: сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін пакет және сақтандырылмаған азаматтарға көрсетілетін пакет. Бұл дегеніміз, кез келген мемлекеттік емханаға келген азамат ең алдымен тіркеу бөліміне барып, өзінің ЖСН нөмірі арқылы өзінің сақтандырылып не сақтандырылмағандығы жөнінде біледі.  Егер азамат сақтандырылған болса, ол жоғары технологиялық медициналық қызметтердің барлығын ақысыз түрде пайдалана алады. Ал сақтандырылмаған жағдайда, тек терапевт,педиатр және жалпы дәрігердің көмегін ғана ақысыз түрде ала алады. Қалған дәрігерлерге көріну мемлекеттік емханалардың өзінде де ақылы түрде жүргізіледі. Егер емханаға келген азамат әлеуметтік аурулар мен немесе созылмалы ауру түрлерімен ауыратын болса, ол дәрігерлерге ақысыз түрде көріне алады, — деген Салтанат Оңғар барлық кездесулерде осы мәселелерді жан-жақты түсіндіріп жатқандығын айтты. Тұрғындар тарапынан 18 жасқа толмаған балалар дәрігерге ата-анасы есебінен қаралатын бола ма деген сауалға ол:

— 15 категориядағы азаматтарды мемлекет қаржыландырады. Олардың қатарында зейнеткерлер, үш топты мүгедектер, 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер, жұмыссыз азаматтар(жұмыспен қамту орталықтарында міндетті түрде тіркелген болуы тиіс), бірыңғай әлеуметтік көмек алатын азаматшалар мен декреттік демалыста отырған азаматшалар, бас бостандығынан айырылған азаматтар, жұмыссыз оралмандарбар.  Егер зейнеткердің немесе мүмкіндігі шектеулі жанның жеке кәсібі болған жағдайда да оларға мемлекет төлейтін болады, — деп нақтылады сөзін.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындардың  Ақтөбедегі 7 жекеменшік емханаға мемлекеттік емханаға тіркелгендей тіркеліп, оның қызметін пайдалануға толықтай мүмкіндігібар. Сонымен қатар емханаға тіркелген соң қаралатын дәрігерді де азаматтардың өзі таңдауға толықтай құқығыбар.

Кездесу соңында мамандар тұрғындармен өзара пікірлесіп, олардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Айта кетейік,облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес ағымдағы жылдың сәуір айында өткізілген жергілікті десант жобасы жаңа форматта өткізілген болатын.Аталған бағыттағы жұмыстар нәтижесінде 5 ауданда (Алға, Байғанин, Темір, Шалқар, Мұғалжар) 800-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп, 36 мыңға жуық тұрғындар қамтылып, оның ішінде 374-іне көмек көрсетілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button